Ғылыми мақалаларды рецензиялау және жариялау тәртібі
Журнал редакциясына келіп түскен барлық қолжазбалар олардың ғылыми сапасын, түпнұсқалығын және журналдың жарияланым талаптарына сәйкестігін қамтамасыз етуге бағытталған бірнеше кезеңнен тұратын қарау рәсімінен өтеді.
1. Бастапқы редакциялық тексеру
Мақала келіп түскеннен кейін редакция қолжазбаның журналдың тақырыптық бағыты мен бейініне, мақала құрылымы мен ресімделуіне қойылатын талаптарға және редакциялық саясаттың жалпы талаптарына сәйкестігін, сондай-ақ авторлар туралы мәліметтердің толықтығы мен ғылыми аппаратының сапасын тексереді. Осы кезеңде редакция мақаланы толықтыру және қажетті түзетулер енгізу үшін авторға қайтаруға не белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін қолжазбаны қабылдамауға құқылы.
2. Түпнұсқалыққа тексеру
Бастапқы редакциялық тексеруден өткен мақала мәтіндік сәйкестіктерді анықтау жүйесі арқылы түпнұсқалыққа тексеріледі. Дереккөзге тиісті сілтеме жасалмай алынған мәтін үзінділерінің елеулі көлемі, қайталама жарияланым белгілері немесе академиялық адалдық қағидаттарының өзге де бұзылуы анықталған жағдайда, қолжазба қажетті түзетулер енгізу үшін авторға қайтарылуы не редакция тарапынан қабылданбауы мүмкін.
3. Ғылыми рецензиялау
Бастапқы тексеруден сәтті өткен қолжазбалар мақала тақырыбы бойынша тиісті ғылыми біліктілігі мен құзыреті бар екі тәуелсіз рецензентке жіберіледі. Журналда екіжақты жасырын рецензиялау (double-blind peer review) әдісі қолданылады: авторларға рецензенттердің кім екені туралы мәлімет берілмейді, ал рецензенттерге қолжазба авторлары туралы ақпарат ашылмайды.
4. Рецензиялау нәтижелері бойынша шешім
Екі рецензенттің қорытындылары негізінде редакция мынадай шешімдердің бірін қабылдайды: мақаланы жариялауға қабылдау; шамалы түзетулер енгізілгеннен кейін жариялауға қабылдау; елеулі өзгерістер енгізу үшін авторға қайтару және кейіннен қайта қарау; мақаланы қабылдамау. Қажет болған жағдайда авторға рецензенттердің ескертулері мен ұсынымдары жіберіледі. Қажетті өзгерістер енгізілгеннен кейін автор мақаланың түзетілген нұсқасын және қажет болған жағдайда рецензенттердің ескертулеріне берілген жазбаша жауаптарын ұсынады.
Екі рецензенттің де оң қорытынды беруі мақаланың автоматты түрде жариялауға қабылданатынын білдірмейді. Қолжазбаны жариялау жөніндегі түпкілікті шешімді рецензенттердің қорытындыларын, мақаланың журналдың тақырыптық бағыты мен редакциялық саясатына сәйкестігін, ұсынылған материалдың ғылыми маңызы мен сапасын, сондай-ақ жарияланым әдебі талаптарының сақталуын ескере отырып, бас редактор және (немесе) редакциялық алқа қабылдайды.
Екі рецензенттің қорытындылары арасында елеулі айырмашылықтар болған жағдайда, редакция қолжазбаны қосымша рецензиялау үшін үшінші тәуелсіз рецензентке жіберуге құқылы. Түпкілікті шешім алынған барлық рецензиялық қорытындылар ескеріле отырып қабылданады.
5. Қорытынды редакциялық тексеру
Рецензенттердің оң қорытындылары алынғаннан және автор қажетті түзетулер енгізгеннен кейін редакция мақаланы қорытынды тексеруден өткізеді. Қолжазба мәтініне елеулі өзгерістер енгізілген жағдайда, оның түпнұсқалығы қайта тексерілуі мүмкін. Мақаланы жариялау жөніндегі түпкілікті шешім рецензиялау және қорытынды редакциялық тексеру нәтижелері ескеріле отырып қабылданады.
6. Әдеби және техникалық редакциялау
Жариялауға қабылданған мақала әдеби-стилистикалық және техникалық редакциялаудан өтеді. Материалдың құрылымы мен ресімделуі, библиографиялық сілтемелердің дұрыстығы, авторлар туралы мәліметтер, аңдатпа, түйін сөздер, сондай-ақ жарияланымның өзге де құрамдас бөліктері тексеріледі. Қажет болған жағдайда редакция ұсынған түзетулер автормен келісіледі.
7. Мақаланы жариялауға дайындау және жариялау
Редакциялық даярлау жұмыстары аяқталғаннан кейін мақала беттеліп, оның жариялауға арналған түпкілікті нұсқасы әзірленеді. Түпкілікті нұсқа тексеру және мақұлдау үшін авторға жіберілуі мүмкін. Барлық рәсімдер аяқталғаннан кейін мақала журналдың тиісті санына енгізіліп, журналдың ресми веб-сайтында жарияланады. Жарияланым қажетті библиографиялық метадеректермен қамтамасыз етіліп, оған цифрлық объектінің идентификаторы (DOI) беріледі.
